+7 (7172) 577-765
+7 747 593 1451
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТТІК ОРТАЛЫҒЫ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТТІК ОРТАЛЫҒЫ

17 июня 2026 Астана

2026 жылғы 17 маусым күні сағат 15:00-де Қазақстан Республикасы Президенттік орталығында «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасы аясында белгілі қазақстандық суретші Нелли Бубэнің «Көпқырлы Еуразия әлемі» атты жеке көрмесінің ашылуы өтеді. Нелли Витальевна Бубэ – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі және «ҚР Көркемөнер академиясы» қоғамдық қорының академигі, Ресей көркемөнер академиясының құрметті мүшесі, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының құрмет медалінің иегері, қоғам қайраткері.

Көрме авторы 1949 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1969 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1977 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдаған. 1979 –1991 жылдары баспа саласында еңбек етіп, Ташкент, Мәскеу және Алматы қалаларындағы халықаралық кітап көрмелері мен жәрмеңкелеріне қатысқан. Балалар кітаптарын безендіргені үшін көптеген дипломдармен марапатталған. Сондай-ақ Норвегияның тапсырысы бойынша библиялық тақырыптағы картиналар циклі үшін авторлық куәлігін алған.

Нелли Бубэ – «Интеллект» байқауының жеңімпазы, 2004 жылы «Ұлы Жібек жолы» панорамасы үшін Гран-при иегері атанған. 1998 жылдан бастап суретші Швейцария, Франция, Грекия, Италия, Чехия және Норвегияда өткен көптеген қалалық, республикалық, халықаралық және жеке көрмелерге қатысып келеді. Қазіргі уақытта Алматы қаласында тұрып, шығармашылықпен айналысады. Нелли Бубэ шығармашылығының негізгі тақырыптары – көшпенділердің тұрмысы мен мәдениеті, Қазақстанның қолданбалы өнері мен петроглифтері, Орталық Азия қалалары мен сәулет ескерткіштері.

«Көпқырлы Еуразия әлемі» көрмесі – өркениеттер, ұрпақтар мен уақыт сабақтастығын арқау еткен, тарихи жады мен мәдени мұраны көркем тілде зерделейтін ауқымды жоба. Экспозицияда кескіндеме және аралас техникада орындалған 56-ға жуық туынды ұсынылады. Суретшінің көпжылдық шығармашылық ізденістерінің өзегіне айналған көшпелі өркениеттің рухани болмысы мен мәдени мұрасы «Ұлы Жібек жолы» панорамалық картиналар топтамасында айрықша көрініс тапқан. Аталған туындылардың бірі 2004 жылы Женевадағы БҰҰ Ұлттар үйінде өткен Нэлли Бубэнің жеке көрмесінде халықаралық қауымдастық назарына ұсынылған болатын. Нэлли Бубэ «Көпқырлы Еуразия әлемін» Ұлы дала рухы мен көршілес өркениеттер мұрасы тоғысқан мәдени кеңістік ретінде пайымдайды. Суретші үшін бұл – еуразиялық болмыстың ортақ тарихи үдеріс аясында өз даралығын сақтай отырып, сан алуан үндерден, дәстүрлер мен ландшафттардан қалыптасатынын көрсету мүмкіндігі.

Автор өз туындыларында көне архетиптік белгілер мен заманауи материалдарды үйлестіре отырып, өткен мен бүгін арасындағы рухани сабақтастықтың тарихи жадыны сақтауға әрі жаңа мағыналар қалыптастыруға жол ашатынын айшықтайды.

Көрмеде сондай-ақ «Экология» атты көлемді туындылар топтамасы ұсынылады. Бұл – техногендік қысым дәуіріндегі адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынасты көркем пайымдауға құрылған көркем сұхбат. Нэлли Бубэ экологиялық мәселелерді тікелей сипаттаудан гөрі, көркем метафора арқылы табиғаттың өзгеріске бейімделуге, жаңа сипатта өмір сүруге мәжбүр болатынын бейнелейді. Суретшінің бұл туындылары табиғи тепе-теңдіктің нәзіктігін, сондай-ақ қоршаған орта алдындағы адамзат жауапкершілігін терең сезіндіретін көркем ой-толғамға айналған.

Еуразияшылдық тақырыбы әртүрлі ұлт өкілдерінің графикалық портреттер сериясында өз жалғасын табады.

Көрме бір ай бойы жұмыс істейді.

 

Адрес: Астана қ., Ә.Бөкейхан к-сі, 1а

БАҚ-ң аккредитациясы:

69 30 50; 69 30 56; 69 30 55; 69 30 48; 70 05 78.

Басқа жаңалықтар