Астана Lonely Planet-тің Best in Travel 2027 үздік туристік бағыттар тізіміне енді
Lonely Planet Астананы Best in Travel 2027 – алдағы жылға арналған әлемдегі ең қызықты туристік бағыттар мен саяхат әсерлерінің жыл сайынғы халықаралық топтамасына енгізді. Қазақстанның елордасы Experiences санатында “Admire Astana’s architecture” – «Астананың сәулетіне тамсану» ұсынысымен таныстырылған. Бұл қала сәулетіне деген халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Best in Travel 2027 топтамасында Lonely Planet командасы әлемнің түкпір-түкпірінен саяхатқа шабыт беретін 50 туристік бағыт пен әсерді таңдады. Топтама Lonely Planet-тің халықаралық туристік сарапшылары мен авторлары қауымдастығының қатысуымен жасалып, саяхатшыларға алдағы жылға арналған жаңа идеялар мен бағыттарды ұсынуға бағытталған.
Азиялық Experiences санатында Астанамен қатар Малайзияның Саравак штатындағы орангутандар мекендейтін жерлерге қайықпен саяхаттау, Үндістандағы Дарджилинг гималай теміржолымен сапар шегу, Жапониядағы Michinoku Coastal Trail бағыты және Тайваньдағы гастрономиялық саяхат ұсынылған. Астана сәулетінің осы қатарға енуі Қазақстан елордасының заманауи келбетіне және оның қалалық әрі сәулеттік туризмнің дербес бағыты ретіндегі әлеуетіне халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
2027 жылғы мойындаудың ерекшелігі – Lonely Planet Астанаға тікелей байланысты нақты туристік тәжірибені атап көрсетуінде. Елорда сәулеті саяхаттаудың дербес себебіне айналып, халықаралық аудиторияға ұсынылған жаһандық әсерлер тізімінің бір бөлігі ретінде қарастырылды.
Бұған дейін Қазақстан Lonely Planet тарапынан жоғары бағаланған болатын. Атап айтқанда, ел Best in Travel 2025 тізіміне саяхат жасауға лайықты үздік мемлекеттердің бірі ретінде енгізіліп, Астана Қазақстанмен танысудың бастапқы нүктесі ретінде ұсынылған. Ал 2027 жылғы шығарылымда назар тікелей елордаға және оның сәулеттік ерекшелігіне аударылды.
Астана заманауи сәулет нысандарының, ауқымды қоғамдық кеңістіктердің және қазақстандық әрі шетелдік жетекші сәулетшілердің қатысуымен салынған нысандардың үйлесімімен танымал. Бірнеше онжылдық ішінде қала заманауи сәулет элементтері, ұлттық рәміздер және жаңа қала құрылысы шешімдері үйлескен өзіндік келбетін қалыптастырды. Best in Travel 2027 тізіміне ену елорданың іскерлік және іс-шаралық туризммен қатар, мәдени-танымдық және сәулеттік туризм үшін де қызығушылық тудыратын қала ретіндегі позициясын нығайта түседі.
Lonely Planet саяхат саласында 50 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді және бүгінде әлемдегі жетекші халықаралық туристік баспа брендтерінің бірі саналады. Оның экожүйесіне жолсілтемелер, цифрлық платформалар, мобильді қосымша және редакциялық контент кіреді. Баспа портфелінде әлемнің түрлі бағыттарына арналған 800-ден астам атау бар.
Lonely Planet-тің халықаралық аудиториясы ай сайын сайт, әлеуметтік желілер және ақпараттық таратылымдар арқылы шамамен 18 млн пайдаланушыны қамтиды. Брендтің туристік бағыттар мен саяхат жоспарлауға арналған контенті жыл сайын 200 млн-нан астам бет қаралымын жинайды, ал компанияның мәліметінше, Lonely Planet ресурстарын жыл сайын шамамен 60 млн саяхатшы пайдаланады.
Best in Travel жобасы Lonely Planet-тің жыл сайынғы негізгі бастамаларының бірі болып саналады және дәстүрлі түрде жетекші халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланады. Алдыңғы жылдары жоба материалдары, атап айтқанда, BBC, ITV, CNN Travel, Time Out, Euronews, Good Morning America және басқа да халықаралық платформаларда жарық көрді. Мәселен, Best in Travel 2025 науқаны аясында Lonely Planet өкілінің BBC Radio 4 эфиріндегі бір ғана сөзі 9,6 млн адамнан тұратын аудиторияны қамтыды.
Астананың Best in Travel 2027 тізіміне енуі Қазақстан елордасын халықаралық туристік нарықта ілгерілетуге, оның шетелдік саяхатшылар арасындағы танымалдығын арттыруға және қала сәулетін елорданың туристік брендінің негізгі элементтерінің бірі ретінде одан әрі танытуға қосымша мүмкіндік береді.